Директор
Мырзатай Жолдасбеков – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түріктанушы, әдебиеттанушы-ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Төтенше және Өкілетті елші.
1937 жылы 27 мамырда Қазақстан Республикасының Жамбыл облысында дүниеге келген. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң 1977 жылдың қаңтарына дейін қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент болып жұмыс істеді. 1974 жылы ҚазМУ филология факультетінің декандығына сайланды.
1977-1987 жж. – Талдықорған педагогикалық институтының ректоры, 1987-1988 жж. – Қазақ ССР Оқу министрі, 1988-1990 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі, 1990-1991 жж. – Президенттік Кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.
1991-1993 жж. – ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Президентінің кеңесшісі, 1993-1996 жж. – Қазақстан Республикасының Иран Ислам республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 1997 жылдың қаңтар айынан 2000 жылдың мамыр айына дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының ректоры – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2000 жылдың мамырынан 2004 жылдың ақпанына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. 2004-2006 жж. «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының директоры. Бүгінде ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры.
Жолдасбеков Мырзатай белгілі түріктанушы, «Ранний период истории казахской литературы» (1975), «Живые источники» (1986, 1992), «Тоқсан толғау» (1992), «Жүз жыл жырлаған жүрек» (1993), «Халық поэзиясының алыбы» (1996), «Ел тағдыры – ер тағдыры» (1997), «Орхонские надписи» (2001), «Камни заговорили» (2001), «Шың мен шыңырау» (2002), «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» (2002), «Елтұтқа» (2002), «Бәйтерек» (2003, қосалқы автор), «Казахстан в ХХI веке» (2004), «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» (2005, қосалқы автор), «Күндерімнің куәсі» (2007), «Сөзді ұғатын кез келді» (2007) атты ірі зерттеулердің, сондай-ақ «Жамбылдың жастық шағы» (1996), «Қыл көпір» көркем фильмдерінің, бірнеше документальды фильмдердің авторы.
Жолдасбеков Мырзатай білімнің, ғылымның және мәдениеттің белгілі іскер ұйымдастырушысы, бірнеше университеттің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі дипломатиялық рангісі бар.
Түріктану саласындағы ерекше табыстары үшін «Күлтегін» атындағы сыйлықпен марапатталған (2004).
Мемлекет алдындағы еңбегі үшін «Халықтар достығы» (1986), «Құрмет» (1996), «Парасат» (2005) ордендерімен, бірнеше медалдармен наградталған.